Тапсырма мәтіні
Қандай халықтың болсын өзіне тән, өзгеден ерекшелендіріп тұратын салт-дәстүрлері, дағдылары бар. Соның бірі – бауырына салу дәстүрі. Бауырына салу – қазаққа ғана тән. Тұңғыш немерені міндетті түрде атасы мен әжесі бауырына салған. Бала сол үйдің кенжесі болып өседі. Бұл, бір жағынан, жас отбасына деген қамқорлық болса керек. Екіншіден, баланы тәрбиелеуде өздері әлі ұл мен келіннің тәжірибесінің аздығын білгендіктен де немерені бауырына салған, яғни бауырына салу – немерені уызына жаритындай етіп тәрбиелеуге атсалысу. Өйткені ата мен әже – көпті көрген, өмірдің талай белестерінен өткен, тәжірибесі мол адамдар. Ата-әже тәрбиелеген баланың тілі ерте шығады. Себебі үлкен кісілер әрбір сөзді анық айтады, баламен үлкен адамша сөйлеседі. Бала жүре бастағаннан-ақ өздерімен үнемі ертіп жүретін болған. Бала кішкентайынан үлкендердің әңгімесін тыңдап өседі.
Қонаққа барған балаға, әдетте, құлақ беріп жатамыз. Бұл да негізсіз емес. «Жақсы сөзге құлағы түрік болсын», «жақсы сөзді көп естісін», «ұғымтал әрі зерек болсын» деген ниет жатыр мұның астарында. Содан да болар, атасына еріп қонаққа барған бала да міндетті түрде құлақ күтіп отыратын болған. Қалай десек те, үлкен кісілердің сөздері орнықты, олар күнделікті күйбең тірліктің айналасындағы әңгіме айта бермейді. Өздері бас қосқан кезде өткен-кеткен шежіреден, тарихтан әңгіме қозғайды. Ел ішіндегі әртүрлі түйіткілді мәселелер, сол қоғамдағы болып жатқан жағдайлар үлкен кісілер арқылы баланың құлағына сіңеді.
Ата мен әже көрген бала мейірімді, адал, тілалғыш болып, үлкенді сыйлап өседі. Әжесінің бауырында өскен бала әңгімешіл, сөзді тауып айтады, нықтап айтады. Қазақтың кез келген баласын тек өз ата-әжесі емес, бүкіл ауылдың абыз аталары мен өнегелі әжелері қамқорлығына алған. Ауыл ақсақалдары мен әжелері «пәленшенің баласы ғой», «түгеншенің немересі ғой» деп еркелеткен. Тіпті баланың өз ата-әжесі өмірден өтіп кеткеннен соң да баланың әлдебір тентектігіне «ой, пәленшенің еркесі еді ғой, еркелегені шығар», «ата-әжесінің көзін көрген біз бармыз ғой, еркелігі басылар» дейді. Ата-әжесінің көзін көргендер сырттай қамқорлығын білдіріп, көрген кезде ақыл-кеңесін айтып, арқасынан қағып, маңдайынан сүйіп жатады. Қарап тұрсаңыз, мұның өзі – тәрбие.
Кейбір отбасылар ағайын-туғанның баласын алатын болған. Мұны «бауырына салу» емес, «асырап алу» деп атайды. Аты қойылған бала болса, атын өзгертіп қойып, қолына асықты жілік ұстатып, той жасап, етегіне түсіріп асырап алған жағдайлар қазақ отбасыларында болған. Жақынына баласын бергендер ол баланы қайтарып алмайды. Бауырына салған бала өз ата-анасын біледі, ал асырап алған бала қайтпайды, ол – сол үйдің атын шығарып, сол шаңырақты ұстап қалатын бала.
Немере баққан ата-әжелердің өмір жасы мейлінше «ұзарып» отырған. Олай дейтіні, бір жағынан періштедей пәк сәбиден атасы мен әжесіне жақсы энергия тарайды, екіншіден, үлкендерді үміт атты үлкен күш жетелейді. «Ойпырым-ай, осы шырағымның атқа мінгенін, мектепке барғанын, азамат болғанын, үйленгенін көрсем...» деп армандап, алға қарай үміт сүйреу арқылы қазақтың ата-әжелері ұзақ жасаған.