Тапсырма мәтіні
Қазақстанның аумағы кең және табиғи жағдайлар мен жануарлар дүниесінің ауқымы өте үлкен. Бірақ, өкінішке орай, браконьерлік және адамдардың тіршілік ету ортасындағы тым белсенділігінен көптеген жануар түрлері толықтай жойылу қаупіне ұшырады. Бүгінде Қазақстанның Қызыл кітабына 40 жануар кірген. Жоғалу, саны азаюына байланысты оларды бірнеше санатқа бөлген: І санат – жоғалып бара жатқан немесе мүлдем жоғалып кеткен; ІІ санат – апатты түрде саны қысқарып бара жатқан;
III санат – сирек кездесетін, саны аз табылған; IV санат – белгісіз (толық зерттелмеген); V санаты – тұрақты бақылауды қажет ететін жерсіндірілген жануарлар.
Сирек кездесетін жануарлардың бірі – қарақұйрық. Қарақұйрықтардың кейбір аудандарда саны азайып, мекендейтін жерлері тарылуда. Олар бекітілген төбешік құмда, шақпатасты және сазбалшықты шөлдерде, ойлы-қырлы құрғақ аңғарларда, сексеуіл, жүзгін, теріскен басқан тоғайларда немесе тастақты, құмды, сазды топырақты шөлді аймақтарда мекендейді. 1930 жылдардың ортасында Қазақстанда қарақұйрықтардың саны 200 мыңға жуық болған. Соның ішінде Үстіртте және Маңғышлақта 100 мың басқа дейін жеткен. Қазір Қазақстанда жалпы саны 30-50 мың бас.
Тянь-Шань тауы арқарының саны күрт төмендеуде. Олар негізінен теңіз деңгейінен 200-ден 4000 метр биіктікке дейінгі тегістелген таулы аймақтарда мекендейді. Қыс мезгілінде қорегі мол, қар аз түскен беткейлерде жүрсе, жазда орман шекарасынан жиі жоғары көтеріледі. Олар Торайғырда, Көксу, Үсек өзендері орналасқан Жоңғар Алатауының оңтүстік бөлігінде көп кездеседі.
Қар барысы – саны мен таралуы азайып бара жатқан, сирек кездесетін түр. Қар барысы Тянь-Шань, Қаржантау мен Өгем, Талас, Қырғыз, Іле, Күнгей, Теріскей, Кетмен, Жоңғар Алатауының шеткi сілемдері, Алтын Емел, Шолақ, Maнтай және Қайқан, сондай-ақ Тарбағатай, Сауыр мен Алтайдың биік жоталарында таралған. Олар жалпы таулардың альпі және субальпі белдеулерінде, құзды, жартасты жерлерді мекендейді. Қар барысының Қазақстанда жалпы саны 180-200 басқа жетеді деп есептеледі.
Табиғатта пайда болған әрбір түр өзінше бірегей және ешқашан қайталанбайды, сондықтан да оның жойылуы – орны қайта толмайтын нәрсе. Бұл қауымдастықтың бүтіндігі мен табиғаттағы жалпы тепе-теңдіктің бұзылуына әкеп соғады. Сондықтан да қазіргі кезде табиғатты қорғау мәселесі дүниежүзілік мәселеге айналып отыр. Бұл мәселе бүкіл әлемде маңызды мемлекеттік мәселе ретінде қаралады.